Жаңалықтар

Мәдениет басқармасының экс-басшысы сотталып жатыр

Мәдениет басқармасының экс-басшысы сотталып жатыр

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың ісі қаралып жатыр деп хабарлайды KazFace.kz. 

Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Әңгіме елордада танымал «Күн» атты субұрқағын салуға бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаражат туралы болып отыр.

Сотта Мажағұловпен бірге құрылыс компаниясының директоры, кәсіпкер Мәди Қанапин де жауап беріп жатыр.

Қанапинге қылмысқа көмектесті деген айып тағылған. Алайда ол қамауға алынбай, елден кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

«Айыпталушы Болат Мажағұлов пен оның адвокаты Бейсекев қорғаушының өтінішін қолдап, бұлтартпау шарасын елден кетпеу туралы қолхат немесе үйқамаққа өзгертуді сұрады. Алайда прокурор бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Себебі Б.Б.Мажағұловқа ауыр айып тағылған, ал оның серіктесі М.С.Қанапинге қылмысқа көмектесу айыбы тағылған. Сондай-ақ, тергеу барысында Б.Б.Мажағұлов  жасырынып қалуға тырысқан, беттестіруге келмеген, шетелге ұшатын билеттері болған» деп жазылған сот материалдарында. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйегінде ҚМА 2016 жылы Есіл өзенінде салынған «Күн» субұрқағы құрылысы кезінде 1 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырды деген айыппен субұрқақ құрылысына жауапты болған сол кездегі Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловты қамауға алды.

Айта кетейік, «Күн» субұрқағы 2016 жылы Астана күніне орай салынған болатын. Алайда бір жылдан кейін субұрқақ істен шықты. Уақыт өте ол тот басып, апатты жағдайға жетті. Осы  жылы елорданың билік органдары оны бұзу туралы шешім қабылдады.