Қоғам

Өлеңтілік өр жігіт

Өлеңтілік өр жігіт

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Мемлекеттік награда алғандар арасында Ұлттық ұланның әскери қызметшісі де бар.

Мемлекет басшысы Ұлттық ұланға қарасты 5517 әскери бөлімінің жасақ бастығы ефрейтор Асқап Нұрбол Арманұлын қызметтік және азаматтық міндеттерді орындау кезіндегі жанқиярлық әрекеті мен төтенше жағдай кезінде көрсеткен батылдығы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Kazface.kz тілшісі қазіргі күннің батырларының бірі  Нұрбол Асқаптың ерлігі жайлы ақпаратпен бөлісті.

Жасақ бастығы ефрейтор Нұрбол Асқап биылғы 21 сәуірде Орал қаласының Жайық өзені ағып өтетін саяжайларының бірінде полиция департаментінің қызметкерімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Сол күні шамамен сағат 10:30-да ұландық әскери қызметшілердің бақылауындағы аумақта уақытша бөгет жарылып, маңайды су шая бастады. Сондықтан олар адамдарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Сол кезде алпыс жастағы азамат су құрсауында қалған.

«Судың ағысына төтеп бере алмай келе жатқан адамды көріп, бірден көмекке ұмтылдық. Менің жанымдағы полиция қызметкері және еріктілер болып, дер кезінде егде жастағы адамды жағаға алып шықтық», - деді сәуір айындағы оқиғаны еске алған Нұрбол Асқап.  

Оның табиғи апат кезіндегі батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты. Марапат иесін Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов Бас қолбасшылықтың жеке құрамы алдында құттықтады.

«Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілері кез келген сәтте халықтың қасынан табылуға әзір. Біздің жауынгерлер құқықтық тәртіпті сақтап қана қоймай, адам өміріне араша түсіп жататын сәттер жиі болады. Ефрейтор Нұрбол Асқаптың  марапаты соның жарқын көрінісі. Оның батыл әрекеті жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс», - деп атап өтті Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы.

Сондай-ақ генерал-лейтенант Еркін Ботақанов әскери қызметшінің суреті Бас қолбасшылық ғимаратындағы Құрмет тақтасына ілінетінін және сыйақы тағайындалатынын айтты. Сонымен қатар оның алдағы қызметіне толағай табыс тіледі.

«Алғаш рет Мемлекет басшысымен кездесіп, қолынан медаль алдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Қызметімді елеп-ескергені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ішкі істер министріполиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовке және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановқа алғысым шексіз. Алдағы уақытта да құқықтық тәртіп әскері қатарында адал қызметімдіжалғастыра беремін», - деді ефрейтор Нұрбол Асқап.

Нұрбол Асқап Батыс Қазақстан облысының орталығы саналатын Орал қаласына қарасты Сырым ауданының Өлеңті ауылында дүниеге келген. Сол жердің құмына аунап, суына шомылды. Айтпақшы, алғаш суға жүзуді осы Өлеңті өзенінің бойында үйренген. Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепте білім алған. Әке-шешесі балаларына өзгенің өміріне бей-жай қарамауды, қолынан келсе қажет кезде қол ұшын созуды айтып отырған. Батыр жігіттің әкесі мектептің шаруашылық бөлімінде қызмет етеді. Ал анасы үй шаруасындағы кісі. Нұрболдың өзінен кейін екі інісімен бір қарындасы ержетіп келеді. Бауырлары ағасының ерлігі жайлы әлеуметтік желіден естіген. Бүгінде олар үшін арқа сүйер азамат – нағыз батыр.

Осы ретте айта кетейік, жас жігіт отан алдындағы борышын 2021-2022 жылдары шекара қызметінде жүріп өткерген. Әскери өмірдің бастапқы үш айы Өскемен қаласында өтсе, қалған тоғыз айы Ақтау қалаларында жалғасты. Әскерден кейін ұзақ ойласа келе, Ұлттық ұлан сапында қызмет етуге бел буады. Сөйтіп, 2024 жылдың 17 қаңтарынан бастап құқықтық тәртіп әскері қатарына қосылады. Қатарға қосылғанына көп уақыт өтпесе де қайсарлық танытып, өр мінезін көрсете білген ұландық Мемлекет басшысының қолынан марапат алып отыр. Бұл оның ел үшін туған ерлердің сойынан екенін аңғартады. Ендігі жолда оған аяғын шалыс басып, сүрінуге болмайды. Жауынгерге тән ерліктің үлгісін көрсете білген өр жігіт жас сарбаздарға үлгі болып жүреді.