Креативке толы сайлау
19 наурыз күні Мемлекет басшысының жарлығымен мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.
"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" демекші, саяси маңызы зор шараға қазақстандықтар ерекше креативті дайындалыпты. Оған дәлел, әлеуметтік желіде таралған видеолар.
Мәселен, Елордада ер адам сайлауға майка мен үйге киетін аяқ киім киіп, арқасына диван іліп алып келген. Ол осылайша үйде диванда отырып сынайтындардың (диванный критик) образында дауыс берген. Ал, келесі сайлау учаскесіне келген әйел адам адыраспанмен учаскені аластаған. Бір қызығы қоғамдық орында от жақса да, ешкім оған қарсылық көрсетпеген. Сонымен қатар, Астанада қар жауып, күн борап тұрса да, белгісіз бір топ жастар сайлауға жартылай жалаңаш кіріп келген. Одан бөлек, балалардың сүйікті мультфильмі "Черепашки-ниндзя" кейіпкерлерінің костюмін киген азаматтар ел назарын аударған. Бұл әрекеттері арқылы астаналық азаматтар наразылық білдірді ме, әлде дауыс беруге шақырды ма белгісіз.
Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызбен тұспа-тұс келген сайлау науқанын қазақстандықтар той-думанға айналдырып, кең көлемде атап өткен. Талдықорғанда түйе мінген азаматтар ән мен жырдан шашу шашып, дауыс беруге келген. Семейде сайлаушыларды Қыдыр ата күтіп алып, наурыз көже таратылған. Ішімдіктен ауыл боп бас тартқан Маңғыстау облысы Баянды ауылының тұрғындары болса, өздерінің ұйымшылдықтарын тағы мәрте көрсетіп, бір ауыздан ұлттық киіммен сайлауға қатысқан.
Жалпы, көпшілік үшін саяси науқан мереке іспетті. Ел тарихында өткен әр сайлауды халық ерекше атап өтеді. Сол себепті болар, жастар сайлауға аса жауапкершілікпен қарап, азаматтық парызын орындауға асық. Тіпті еліміздің шығысында бір емес екі бірдей жас жігіт бұл күні өміріндегі маңызды таңдауын жасап, сүйіктілеріне дәл сайлау учаскесінде ұсыныс білдірген.
Осылайша, мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы қызықты оқиғаларға толы болды.
Айта кету керек, барлығы 10 146 сайлау учаскесіне 12 млн 34 004 сайлаушы енгізілген. Соның 6 509 695 бюллетень алып, барлығы 54,09% халық сайлауға қатысқан. Ең белсенді облыстар қатарына Қызылорда, Қостанай, Жамбыл облысы енді.
АВТОРЫ: Жадыра МАЖИБАЕВА