Костенко шахтасында қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды
Дильназ МУРЗАГАЛИЕВА
Костенко шахтасында болған өрт кезінде қаза тапқан 17 кеншінің отбасының балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалды, деп хабарлайды KazFace.kz. Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің айтуынша, қаза тапқан 46 кеншінің 21-інде әлеуметтік қолдауға тәуелді адамдары бар. Осы орайда республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын болды. Бұл жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560-қа дейін (5 балаға) құрайды.
Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалады. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен жәрдемақы қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер айына 56 мыңнан 272 мың теңгеге дейін құрайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал олар күндізгі бөлімде жоғары оқу орындарында оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, МӘСҚ және "Азаматтарға арналған үкімет" "Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ бақылауында.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні – 02:33-те болған. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 206 кенші шыққан. Бастапқыда төрт адамның қаза табуы туралы хабарланған, алайда жер астында қалған 46 кеншінің барлығы қаза тапқан болатын.