Жаңалықтар

Көлігін заңдастырып үлгермегендер не істейді?

Көлігін заңдастырып үлгермегендер не істейді?

Автокөліктерді заңдастыру осы жылдың 1 шілдесінде тоқтады, деп хабарлайды KazFace.kz 

  «ҚР ІІМ басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды жүргізді. 1 шілдеде заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылды. Осы аралықта 196 мың автокөлік заңдастырылды», - деді Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингіде.

 Сонымен қатар 12 мыңнан астам конструктор-автокөлік есепке қойылды. 

 «1 шілдеге дейін өтінім беріп үлгерген азаматтардың автокөліктері заңдастырудың барлық талаптарына сәйкес келсе, заңдастыру құқығына ие болады. Сондай-ақ ол автокөлік Қазақстанда 5 жылға дейін уақытша тіркеуге алынады. Ал көлігі өзге елде есепте тұрған және сол себепті заңдастырылмаған болса, автокөлік иелері оны елден шығаруға мәжбүр болады»- деп түсіндірді ресми өкіл. 

 Көлікті уақытша есепке қою барысында тіркеу туралы куәлік және ҚР мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Тіркеу куәлігінде «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалар көрсетілген. 

 Айта кетейік, көлігін заңдастырып үлгермеген азаматтар үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер қарастырылған. Автокөлік шетелде есептен шығарылса сонымен қатар тұрғындар Қазақстанда бастапқы тіркеуді ұйғарса, утиль алымынсыз, 200мың теңге төлейді.