Кемі 50 мың дауыс жиналуы керек: елдегі петиция тәртібі өзгереді
Елімізде заңға петиция ұғымы енгізіліп, оның жұмысы регламенттеледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Kazface.kz ақпараттық порталы.
Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді қамтиды.
Бұдан бөлек, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қосылуы қажет. Министрдің мәліметінше, мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде қолданылады.
Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар. Мысалы,
- Аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек;
- Аудандық деңгей (мәслихаттар) — халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;
- Облыстық деңгей (әкімдіктер) — тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы;
- Облыстық деңгей (мәслихаттар) — тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;
Республикалық деңгей (Үкімет) — кемінде 50 мың дауыс.
Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды, - дейді Дархан Қыдырәлі Мәжілісте.