Көшпенділер ойындары санаулы күннен кейін басталады
Елордада 8-13 қыркүйек аралығында бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қала бойынша азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы автобустар іске қосылады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Дүбірлі додада еліміздің намысын қорғайтын спортшыларымыз қазір елордада соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Көкпардан ұлттық құрама бас бапкері намысты қолдан бермейміз дейді. Сайысқа көршілес Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Қытай және Моңғолия, Венгрия, АҚШ, Ресейден көкпаршылар келеді. Ал көкпар мен көкбөріден байрақты бәсеке «Қазанат» ипподромында 9-12 қыркүйек күндері өтеді.
Этноауылдың ашылуы 7 қыркүйекте сағат 11:00 - де өтеді. Күн сайын этноауылда қазақ халқының бай мәдени мұрасын көрсететін "Шаттық керуені" үлкен шеруі басталады. "Өнер ордасы" басты сахнасында 12:00-ден 17:00-ге дейін этнофольклорлық ансамбльдердің, қазақ оркестрлерінің, солистердің және би ұжымдарының қатысуымен "Думанды дала" концерттері өтеді. 200-ден астам қолөнершілер өз өнімдерін шығыс базарында ұсынады.
Кешкі бағдарламада сағат 18:00-де "Ұлы дала үні" гала-концерттері өтеді, онда қазақстандық және халықаралық әртістер, соның ішінде "Аркаим" аспаптық дуэті, "Бірлік" ән және би ансамблі, "Хазар" және "Steppe Sons" этно-топтары, "the Nomads Fire" жобасы және мультиинструменталист Еділ Хусаинов өнер көрсетеді .