Қарағандылық отбасы асырап алған өзге ұлт балалары қазақ тілінде таза сөйлейді
Жадыра МАЖИБАЕВА
Қарағанды облысы, Бесоба ауылында тұратын Серік пен Зәмзәгүл есімді ерлі-зайыптылар ағайынды 3 баланы асырап алған. Орысша тілі шыққан балаларды ауыл өміріне бейімдеп, қазақ тілі мен дәстүрін үйреткен, деп хабарлайды KazFace.kz «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.
Әмір, Мансұр, Карима есімді балақайлар бір үйдің балалары. Тағдыр тәлкегімен жетімдер үйіне түскен ағайындылардың биологиялық әкесі қазақ, аналары татар. Дегенмен сырт келбеттері өзгеше олардың тілі де орысша шыққан. Сондықтан оларға басында қазақ тілін үйрету қиындау болды дейді Зәмзәгүл.
-Балалар үйінде орысша сөйлеген, мектепті орысша оқып келген балаларыма қазақ тілін үйрету әрине қиын болды. Үлкен ұлдарым талаптанып тезірек үйреніп алды. Ал Калима қызым бір жыл дегенде үйренді. Түсініктері де, танымдары да басқаша болды. Десе де олар әлі бала ғой, өсіп келе жатқан бұта сияқты. Қалай исең солай қисаяды, - дейді Зәмзәгүл Ошақбайқызы.
Бірақ ерлі-зайыптылардың айтуынша, бала асырап алу одан да қиынырақ болған. Талаптары қатал, құжат рәсімдеу машақаты көп. 3 ай психологпен жұмыс істеу тағы бар. Ағайынды балаларды бір-бірінен бөлмейді. Сондықтан Зәмзәгүл мен Серік айлап балалар үйінде болып, үш баламен тіл табысқан.
Ата-ана жылуын бірден сезінген балақайлар ауыл өміріне тез бейімделген. Тілді де жақсы үйреніп, таза сөйлейді. Қазақ мектебіне барады. Оқуда озат әрі белсенді. Үйдің үлкені Мансұр есеп пен спортқа жақын. Әмір болса, поэзия оқығанды жақсы көреді. Әкесінің еркесіне айналған Карима болашақта әнші болғысы келеді.
-Қызым өте ерке. Мектептен аяғын жерге тигізбей көтеріп алып келемін. Зәмзәгүл маған ұрсады. Бірақ қызымды жұмысқа кетіп қалсам да, елеңдеп сағынып отырамын, - деп елжіреп, көзіне жас алады Серік Ақбергенов.
Зәмзәгүл мен Серіктің туған ұлдары бар. Ол ер жетіп, қалаға оқуға кеткен соң жалғызсырап қалғандай болған олар үш баланы бауырларына басқан. Міне биыл асырап алғандарына 2 жылдан асқан ерлі-зайыптылар оларды туған балаларындай жақсы көріп, мәпелеп өсіріп келеді. Бүкіл ауыл жұрты бұл отбасыға сүйсіне қарайды.