Илон Маск Tesla акцияларын сатып, адамзатты аштықтан құтқармақшы
Америкалық миллиардер Twitter-де бүкіл әлемдегі адамдарды аштықтан құтқару үшін Tesla акцияларының екі пайызын сатуға дайын екенін айтты.
Бұған дейін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли Маск өз байлығының екі пайызын қайырымдылыққа берсе, адамзатты аштықтан құтқара алатынын айтқан. Айта кеткен жөн, екі пайыз – алты миллиард доллар, ал қазіргі уақытта Илон Масктың байлығы 289 миллиардқа бағаланып отыр.
Осы аптада ол Forbes журналының ең бай адамдар тізімінде көш бастады. Көп ұзамай Масктың өзі де жауап берді. Ол ақша беруге дайын екенін көпшілік алдында мәлімдеді. Бірақ бұл әрекетке қаржылық есеп ашық болған жағдайда ғана баруға әзір екенін жеткізді.
"Егер Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы осы твиттер тізбегінде 6 миллиард доллар әлемдік аштық мәселесін қалай шеше алатынын түсіндіре алса, мен Tesla акцияларын қазір сатып, бұл мәселені шешуге дайынмын. Бірақ қаржылық есеп беру халық ақшаның қайда жұмсалғанын көре алатындай ашық болуы керек", – деп жазды ол.