Ядролық қауіп: 42 ел Ресейден ЗАЭС-тен әскерін әкетуді талап етуде
Әлемнің 42 мемлекеті, солардың ішінде Еуропа одағы, Ресейді Запорожье атом электр станциясынан әскерін дереу әкетуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Олардың мәлімдеуінше, ядролық нысанда армия мен қарудың шоғырлануы қауіпсіздік принциптерін бұзады және мұндай жағдай станция операторы мен Украина үкіметіне атомдық және радиациялық сақтықты қамтамасыз ету міндеттемелерін орындауға кедергі жасап отыр. Мәлімдемеге Еуропа одағымен бірге Ұлыбритания, Австралия, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдердің өкілдері қол қойды.
Украина армиясы болса, Днепр өзенінің үстінен өтетін үш көпірдің барлығын қиратты. Сондықтан, өзеннің оңтүстігіндегі Херсонды басып алған Ресей қарулы күштері құрал-жабдықпен қамтамасыз мүмкіндігінен айрылып жатыр.
Херсон облыстық кеңесінің дерегінше, осыған байланысты ресейлік әскери қолбасшылардың көбі аймақты тастап кеткен.