Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша жаңа деректер анықталды
Қыркүйек айында олигарх Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды рейдерлік жолмен тартып алу және адам ұрлау мен оны еркінен тыс бас бостадығынан айыру ісі бойынша күдікті екенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлаған болатын. Десе де, оқиғаға қатысы бар адамдардың аты-жөні аталмаған.
Қазіргі уақытта тергеу ісі аяқталып, ұрланған бірнеше адамның есімі 11 қаңтарда Алмалы аудандық соты отырысында аталды. Солардың бірі Гүлмира Сатыбалдының күйеу баласы.
Сонымен қоса, күдіктінің сыбайластары анықталды. Олар Сатыбалдының жүргізушісі мен адам ұрлау ісін орындаушы. Жәбірленушілер қатарында белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ісі де қаралған.
"Сатыбалды Гүлмира 2020 жылдың маусым-қыркүйек айларында Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, Galanz Bottlers АҚ акцияларының 45, 25% қайта жазуға мәжбүр етті. Сатыбалды Гүлмира мен Батыршаев, Өтебековтың қатысуымен Микешеваны ұрлау ұйымдастырылды. Оны қала сыртындағы үйге, Алматы облысының Жандосов кентіне әкете отырып, қысыммен алдын ала дайындалған құжаттарға қол қойғызған", - деді прокурор Акромат Мұхтаров.
Сот отырысында айыпталушы тарап істің елордада жалғасқанын қалап өтініш білдірген. Өтінішті сот қанағаттандырып, іс Астана қаласына ауысты.
"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына түскен Г. Сатыбалды және басқаларға қатысты қылмыстық іс Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 аудандық сотына жіберілді», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Сатыбалдының адвокаты қорғалушысы 10 айдан бері тергеу изоляторында отырып, денсаулығына шағымдана бастағанын түсіндіріп, оны үйқамаққа шығаруын сұраған. Алайда жазасының тым ауыр екенін ескерген сот бұл шешімді қанағаттандырудан бас тартты.