Гүлмира Сатыбалды 12 жылға сотталды
Алматы сотында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Гүлмира Сатыбалды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 12 жылға орташа қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ мүлкін тәркілеуді тағайындады.
Оның жүргізушісі Мәди Батыршаев жәбірленушінің жүріп-тұру еркіндігіне кедергі келтірген іс-әрекеттерге басшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевқа Сатыбалдының күйеу баласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстады деген айып тағылған. Сот Жүнісовтің 165 тәулік қамауда болғанын, сол уақытта Сатыбалды жәбірленушінің және оның жақын туыстарының ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденгені анықталды.
Осылайша ол 217,9 млн теңге материалдық шығын келтірген. Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалды жәбірленушіні өзімен аффилиирленген үшінші тұлғаларға мүліктік және жарияланған акцияларға құқықтарын қайта тіркеуге мәжбүрлеп, 1,2 млрд теңгеге аса ірі көлемдегі материалдық залал келтірген.