Қоғам

Гүлбану Әбенова адвокаттар алқасы төрағасына ашық хат жолдады

Гүлбану Әбенова адвокаттар алқасы төрағасына  ашық хат жолдады

Адвокаттар күні қарсаңында журналист Гүлбану Әбенова жаңа  тағайындалған адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзагараевты құттықтап, аталған саладағы  күрделі мәселелерге назар аудартып,  ашық хат жолдады, деп хабарлайды KazFace.kz

Журналист бұл құрылымға жеңіл-желпі өзгертулер емес, түбегейлі жаңғырту қажет екенін атап өтті. Қоғам адвокаттан әділдік пен биік кәсібилікті күтеді. Алайда күнделікті тәжірибеде мұндай талаптар жиі орындала бермейді.

Сонымен, журналисттің айтуынша қазіргі адвокатура қандай қиындықтарға тап болып отыр?

1. Этикалық, яғни «өзіміздікі» деп бәрін ақтау емес

Нағыз кәсіби ынтымақтастық бұл адамды емес, ҚАҒИДАНЫ ҚОРҒАУ.
Кім болса да, заң бұзса - оның әрекетін ақтауға болмайды.

Қалыпты адвокатурада басты ұстаным мынандай: «Біз былықты жаппаймыз - біз стандарттарды қорғаймыз».

Егер әріптес қателессе, қауымдастық одан алшақтайды.
Бір рет заң бұзған адам «өзіміздікі» деген себеппен автоматты түрде ақталмауы тиіс.

2. Профессионалды, «достар клубы» емес

Адвокатура -  Балиға бірге демалуға баратын, моншада жиналатын топ емес.
Бұл — институт. Өз ережесі, тәртібі және жауапкершілігі бар кәсіби құрылым.

Адвокатура «тусовкаға» айналғанда, оның мәні де, қоғам алдындағы беделі де жойылады.

Өкінішке қарай, адвокат таңдауға келгенде де осындай жағдайлар байқалады: белгілі бір адвокаттардың «өзара топтасуы» салдарынан адам тәуелсіз адвокат таба алмайды, ал таңдағаны сол топтың ықпалынан шыға алмай, өз клиентін шынайы қорғай алмайтын жағдайлар кездеседі.

Бұл - тек кәсіби беделдің емес, қоғам сенімінің де жоғалуы.

Тағы бір теріс үрдіс - бір тараптың адвокатына қарсы 5–7 адвокаттың бірігіп шығуы. Мұндай «массалық қысым» сотқа да, процеске де психологиялық әсер етеді.

Бұл әділдік пе? Бір адамға қарсы он адвокат шығатын жағдай әділ процесс деп санала ма?

3. Өзін-өзі тазартуға қабілетті

Дамыған елдерде өтірік айтқаны дәлелденген, манипуляция жасаған, этиканы бұзған немесе тіпті ұсақ қылмыс үшін сотталған адвокатты алқаға да, басшылыққа да жібермейді.

Ал бізде кейде керісінше көрінеді:
өмірбаяны қаншалықты даулы болса - амбициясы соншалық биік.

4. Тәуелсіз -  бірақ жауапты

Адвокат мемлекеттің қысымынан тәуелсіз болуы керек. Бірақ ол кәсіби этиканың талаптарына қатаң бағынуы тиіс.

Тәуелсіздік - бұл бетімен кету емес,
жоғары мінез-құлық стандарты.

5. Қателікті мойындай алатын

Пісіп-жетілген кәсіби қауымдастық өтірік айтқан әріптесті қорғамайды.
Анық қателікті ақтамайды.
Шындықты айтқандарға шабуыл жасамайды.

Дұрыс ұстаным былай естіледі:
«Әріптесіміз стандартты бұзды. Біз мұны айыптаймыз».

6. Репутацияны «бауырластықтан» жоғары қоятын

Бедел - бұл капитал.
Адвокаттар өз әріптестерінің былығына көз жұма қараса, олар бүкіл адвокатураның беделін нөлге түсіреді.

7. Әділ сотқа қызмет ететін, «өз адамдардың мүддесін» емес.

«Круговая порука» - кәсіби саланы құртады.
Оның орнын фактіні, заңды және қоғам сенімін құрметтеу алуы керек.

Ең маңыздысы - қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлық

Кейбір адвокаттардың әлеуметтік желідегі әрекеттеріне назар аударыңыз:
қорлау, үркіту, сотқа қысым жасау, клиентінің мүддесі үшін резонанс қолдану.

Бұл - кәсібилік емес.
Бұл - адвокатураның абыройын түсіру.