Әлем жаңалықтары

Францияда Брижит Макронды киберқорлаған 10 адам кінәлі деп танылды

Францияда Брижит Макронды киберқорлаған 10 адам кінәлі деп танылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Париж соты Францияның бірінші ханымы Брижит Макронға қарсы киберқорлау ісі бойынша 10 адамды – сегіз ер адам мен екі әйелді кінәлі деп таныды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Сот шешіміне сәйкес, айыпталушылар Брижит Макронның жынысы мен сексуалдық ориентациясы туралы жалған ақпарат таратқан. Атап айтқанда, оның «ер адам болып туғаны» жөніндегі фейк мәліметтерді интернетте әдейі жариялағаны анықталды.

Фигуранттардың жасы 41 мен 65 аралығында. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкер, оқытушы, галерея иесі, блогерлер мен интернет-белсенділер бар.

Айыпталушылардың басым бөлігі төрт айдан сегіз айға дейін шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Кейбіріне әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қойылды. Ал бір адам сот отырысына келмегені үшін алты айға бас бостандығынан айырылып, түрмеге қамалды.

Сот материалдарында жарияланымдардың қасақана жасалғаны, олардың Брижит Макронды қорлау мен ар-намысын таптауға бағытталғаны көрсетілген. Кейбір жазбаларда ерекше балағат сөздер қолданылып, ондаған мың қаралым жинаған.

Бірінші ханым сот отырысына қатысқан жоқ. Бұған дейін француз телеарналарына берген сұхбатында ол бұл істі «интернеттегі қорлау мен жалаға қарсы күресте өзгелерге үлгі болу үшін» бастағанын айтқан еді.

Брижит Макронды «Жан-Мишель Тронье есімді ер адам болған» деген жалған ақпарат 2017 жылдан бері таралып келеді және бұған дейін де сот талқылауларына себеп болған. Сонымен қатар, Макрондар отбасы АҚШ-та оңшыл радикалды белсенді Кэндис Оуэнске қарсы да сот ісін жүргізіп жатыр. Ол өз подкастында осыған ұқсас жалған мәлімдемелер жасаған.

Брижит пен Эмманюэль Макрон 2007 жылдан бері некеде. Қазіргі таңда бірінші ханым 72 жаста, ол Франция президентінен шамамен 25 жас үлкен.