Билік

Франция президенті Макрон Қазақстанға келді

Франция президенті Макрон Қазақстанға келді

Франция президенті Эмманюэль Макрон Астанаға ресми сапармен келді, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ол Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді. Мемлекет басшысы Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын. Кездесу барысында аталған келісімшарттар талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына биыл 15 жыл толуына орай, қазақ-француз бизнес форумы өтті. Шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Франция мемлекеті ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі екенін атап өтті. 

Қазіргі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 4 миллиард долларға жетті. Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Франция – біздің экономикамызға 19 миллиард долларға жуық қаржы құйған ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі. Биыл алғашқы алты айда француз серіктестеріміздің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артты. Бұл – таңғаларлық өсім әрі елімізге деген жоғары сенімнің белгісі, – деді Президент.

Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Бүгінде энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш және фармацевтика салалары 170-тен астам француз компанияларымен табысты жұмыс істеуде.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан - Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын алтын көпір екенін айтып, екі ел арасындағы серіктестіктің барлық бағыттарына өз үлесін қосуға дайын екенін айтты. Сөз арасында қазақ мектептерінде француз тілін оқытуға екпін түсірді. 

Мен мәдени байланыстың нығайғанын қалаймын. Біз қарым-қатынасымызды осы қырынан дамытқымыз келеді. Мысалы, бізге қазақ мектептеріне француз тілін оқытудың қайта оралуы өте маңызды. Жағдайды өзгерту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біздің білім беру ұйымдары арасында қол қойылған үкіметаралық келісімге көп үміт артамыз, – деді Макрон.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Франция 1992 жылдың 25-қаңтарында дипломатиялық қатынас орнатты. Сол сәттен бастап Қазақстанға француз елінің үш президенті ресми сапармен келген еді. 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009 жылы Николя Саркози және 2014 жылы Франсуа Олланд келді. Макрон Қазақстанға келетін француздардың төртінші басшысы саналады.

Айта кету керек, Франция Қазақстан экономикасында маңызды рөл ойнайды. Париждің Орталық Азия елдерімен сауда қатынасының 80 пайызға жуығы Қазақстанмен байланысты.