Билік

Энергетика министрлігінің өкілі: "Жазбаша жауап бере салайық"

Энергетика министрлігінің өкілі: "Жазбаша жауап бере салайық"

Жадыра МАЖИБАЕВА

Әлеуметтік желіде сенат депутаттарының жиынына дайындықсыз келіп, сөз естіген шенеунік туралы видео кең таралып, желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Аталған жағдай сенатта «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында орын алған. 

Парламент депутаттары таныстырылым барысында бюджеттік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулардың кейбір тармақтары бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтқан.

Осы орайда Шымкент қаласынан сайланған сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қаржы және Энергетика министрлігіне осы өңірдегі газ мәселесі және бөлінген қаржының не себепті қайта қысқартылып жатқандығы жайлы сұрақ қойды. 

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков сұрақтан жалтарып, әріптесі Энергетика минстрлігінен келген өкілге сілтеді. Энергетика министрлігінің аппарат басшысымын деп өзін таныстырған Жарылқасова Жанар болса, қарамағындағы қызметкері жауап береді деп сілтеді. Сұраққа мардымды жауап береді деп күткен аппарат қызметкері де жауап бере алмай, кейін жазбаша беруін сұрады. Бір-біріне сілтеген шенеуніктер жиынға жиналған депутаттардың ызасын тудырды.

Сұрағымды толық, тарқатып қойғаным да осы. Себебі, осындай мардымсыз жауаптар аламыз. Жазбаша бере салайық дейді. Мен өзім үшін сұрап отырғаным жоқ, - деп күйінді жауап алалмаған Нұрлан Бекназаров.

Іле-шала тағы Энергетика министрлігіне сұрақ қойған Жүсіп Нұртілеу де жауапсыз қалды.

Сіздер жай жиналысқа келіп отырған жоқсыздар. Бізге бәрі жақсы деген есептеріңіз керек емес. Сұрақтарға нақты жауап беру керек қой келіп отырғаннан кейін. Жауапкершілік қайда?! - деп минстрлік өкілін сынға алды Жүсіп Нұртілеу. 

Ал, жиынды жүргізіп отырған қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов министрлік өкіліне сөгіс айтып, басшылығына ескерту жіберетінін мәлімдеді. 

Желі қолданушылары болса, шенеуніктің сұраққа жауап бере алмауынан бұрын, қазақша екі сөздің басын қоса алмай отырғанын қызу талқылады. 

"Осындайлар қалай мемелекеттік қызметте жүреді?", "Не қазақша, не орысша жауап бере алмады ғой, ұят", "Сенатқа келіп отырған соң түріңді жөндеп келу керек қой", "Депутаттар дұрыс айтады, мұндай шенеуніктерді жазалау керек" деген сияқты пікірлер жазылып жатыр. 

Айта кету керек, жиында қозғалған Заң жобасы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, газ және жылумен жабдықтау құбырларын жаңғыртуға, еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға, экономиканың нақты секторын және басқа да салаларды өркендетуге бағытталып отыр.