Енді көлігіне жалған нөмір таққандар жүргізуші куәлігінен айырылады
Парламент екінші оқылымда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта автокөлік жүргізушілеріне жазаны қатаңдату нормасы қарастырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нәзилә Раззақ ұсынылып отырған түзетулердің ішіндегі маңыздысы автокөліктердің мемлекеттік нөміріне қатысты екенін мәлімдеді.
"Автокөлікті қайталап немесе бірнеше рет мемлекеттік нөмірсіз басқарғаны үшін, сондай-ақ автокөліктерге жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір таққаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр. Мысалы, бұрын тек айыппұл салынса, енді жүргізушіні 1 жылға куәлігінен айыру және 5 тәулікке қамауға алу қарастырылған", – деді депутат.
Сонымен қатар байланыс қызметтерін көрсету ережелерін бұзғаны үшін, яғни интернет сапасына қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі бойынша айыппұл сомасы өседі.