Елордалық оқушылар қыс ортасында көкөніс өсіруде
Елордада Болат Өтемұратов қорының мұрындық болуымен Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейінде «Жасыл мектеп» бағдарламасы аясында жылыжай салынған болатын. Жылыжай тамшылатып суарудың, жылытудың және жарықтандырудың заманауи жүйелерімен жабдықталған.
Өсімдіктердің биосинтезі мен өсіп-өнуін қолдайтын, олардың өсуін жақсартып, өнімділігін арттыратын көк және қызыл диодтары бар ұзындығы 60 метр болатын фито таспалар өсімдіктер үшін пайдалы жарықтандырумен қамтамасыз етеді. Қыс мезгілінде көкөніс және жеміс-жидек дақылдары үсіп қалмас үшін инфрақызыл жылытқыштар орнатылған және топыраққа жылыту кабелі төселген.
Жылытқыштардың жұмысы ішкі және сыртқы термо реттегіштердің деректеріне тікелей байланысты. Бұл жылыжайда қажетті температураны алдын ала белгілеуге және ол төмендеген кезде жылытқыштарды автоматты түрде қосуға мүмкіндік береді.
Жылыту кабелі жылыжайдың периметрі бойынша төселінген және топырақтың тоңдануын болдырмайды, ал оның қосылуы мен өшірілуі автоматты түрде бақыланады. Осының бәрі қысқы суықтың өсімдіктерге әсерін барынша азайтуға көмектеседі. Жылыту және жарықтандыру жанбайтын кабель арқылы берілетін электр энергиясы арқылы жұмыс істейді, барлық кабель желілері қорғалған гофрленген құбырда төселеді, ал жалғау элементтері тармақтағыш қораптармен қорғалған.
Бұған дейін жылыжайға алғашқы көкөністердің тұқымдарын отырғызу жұмыстары жүргізіліп, қияр, сәбіз, қызылша, қызанақ, аскөк, асжапырақ сияқты көкөністер егілген болатын.
Ал бүгін мектеп жылыжайының алғашқы өнімдерін жинауға мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызы мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Зайра Сейілханқызы келді.
Жылыжайдың алғашқы өнімі оқушыларға дәмін таттыру мақсатында мектеп асханасына берілсе, екінші өнім - ұстаздарға табысталды. Мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызы сөзінің соңында, 7 «А» лицей сыныбының оқушыларына өзінің ыстық лебізін айтып, жасап жатқан жұмыстарының жемісін көруді тіледі.
«Жобаның мақсаты-мектеп жанында эстетикалық және экологиялық тартымды кеңістік құру, еңбекқорлықты, өз мектебіне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, табиғатқа ұқыпты қарау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру және практикалық-бағдарлы оқыту қағидатын жүзеге асыру мақсатында жасыл желектер мен гүлдер есебінен мектепке іргелес аумақтағы экологиялық жағдайды жақсарту», - дейді биология пәнінің мұғалімі Ермек Нұрғалиұлы.
«Жасыл» технологиялар мен экологиялық тұрғыдан ойлау – біздің күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған ғаламдық тренд. Сондықтан ерте жастан балаларды эко мәдениетке тәрбиелеу және қоршаған ортаға ықыласпен қарауға үйрету өте маңызды.