Жаңалықтар

Елімізде ойын мекемелері 50 есеге азайды

Елімізде ойын мекемелері 50 есеге азайды

Қазақстанда ойын бизнесі мен құмар ойындарының таралуымен күресу бағытында Мәдениет және спорт министрлігі депутаттар тобымен бірлесіп заңнамалық шаралар әзірлеп жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қатысуымен ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерге 62 түзету енгізуді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. 

2023 жылдың басынан министрлік ойын бизнесі саласындағы 6 лицензияның күшін сот тәртібімен тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Мемлекет кезең-кезеңімен іске асатын шешімдерді қабылдай отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейтеді. Мәселен, Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен астам қысқарды. Бұған дейін елде 140-қа жуық казино және 2000-нан астам ойын автоматтары залы болған. Бүгінгі таңда 39 лицензияланған мекеме қалды: 6 казино, 10 ойын автоматтары залы, 17 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор. Ал депутаттар тобымен әзірленіп жатқан заңнама болса, оны бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуге, жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдардың алдын алуға және ескертуге бағытталған, - деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, 2022 жылы мемлекеттік бақылау аясында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 7 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 1 ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды, бірінші инстанция соттың шешімімен үш залдың қызметі тоқтатылды, 6 әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек, алдын-алу жұмыстардың қорытындысы бойынша 15 букмекерлік лицензияның күші жойылды.