Елімізде ауа-райы неге бұзылды?
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, республиканың барлық аумағында ауа температурасының күрт төмендеуі күтіледі, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жуық күндері синоптиктер елдің солтүстік жартысында негізінен қар қапалақтап, оңтүстік облыстарда қатты жаңбыр, найзағай ойнап, бұршақ жауады деп болжауда.
"Қазақстанда желдің күшеюі күтіледі, солтүстік облыстарда тұман, көктайғақ болады. 14 сәуірде республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде салқын ауаның ыдырауы және ауа температурасының 10 градусқа күрт төмендеуі күтіледі", - делінген хабарламада.
Бүгінгі күннің өзінде бірқатар аймақтарда ауа-райы күрт бұзылған. Мәселен, Астанада сәуірдің ортасында қар жауып, боран соғып, елордалық тұрғындарды әбігерге салды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бір тәулікте әртүрлі сипаттағы 3 мыңнан астам қоңырау 112-ші желіге түскен.
Жалпы елімізде ауа-райының бұзылу себебі неде? Жұрт көктем келді деп күннің жылынғанына мәз-мейрам болып жүргенде неге қайта суытты?
Қазақ халқы "Сәуір болмай - тәуір болмас" деп бекер айтпаған. Олар сәуір айында күн бұзылатынын алдын ала болжаған. Айдың ортасында алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Осы найзағайдың жарқылын "Қыдыр қамшысы" ойнады деп сеніп, бұдан кейін қыс біржолата кетеді деп есептеген. Дәл осы тұста "Бесқонақ" басталады деп сапарға шықпай, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа-райын болжау қиын.
Бесқонақтың басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болады деседі. Басқа бір өңірде сәуірдің сегізі кіріп, он сегізі шығады деп болжаған. Ал батыс аймақта 13-18 сәуір аралығында болады.
"Бесқонақ" келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған дала борап, жаңбыр мен қар жауады. Күн суытып, қыс қайта басталғандай әсер де болуы мүмкін.
"Бесқонақ" халыққа ауыртпалық түсіргенімен, жыл сайын осы мезгілде ауа райының бұзылуын жұрт қалайды екен. Себебі, "Бесқонақ" жауын-шашынсыз, тып-тыныш өтсе, ол жаман ырымға баланады. Демек, жазда жаңбыр аз болып, астық дұрыс шықпайды деп сенген.
Осы құбылыстың неге "Бесқонақ" деп аталуына қатысты аңыз да бар. "Баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді "Бесқонақ" деп атап кеткен", - дейді этнограф Болат Бопайұлы.
Қазір еліміздің басым өңірінде жауып жатқан қар мен жаңбыр осы "Бесқонаққа" байланысты екені мәлім. Сол себепті, бұл күндері барынша сақ болуға, дауылды ауа-райында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, аса қажет болмаса алыс жолға шықпауға шақырамыз.