Елімізде 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған
Елімізде 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда елімізде 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған. Бізде гидрогеологиялық мелиоративтік экспедиция бар. Бұрын олар еліміздің 4 өңірінде ғана болған еді. Биылдан бастап экспедицияның ауқымын кеңейтіп жатырмыз, барлық өңірлерде жұмыс жүреді. Олар су құрамын, жер асты суларының көтерілу деңгейін, топырақтың сортаңдануын, тұздануын анықтап, мониторинг жасайды, бағасын береді. Содан кейін уәкілетті органдарға іс-шара қабылдау үшін жібереді», - деді Әбілхайыр Тамабек Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, аталған экспедициялардың мониторинг және бағалау жұмыстарының нәтижесі мемлекеттік жер кадастрының бірыңғай платформасына салынады.
«Болашақта жеріне дұрыс қарамаған, тоздырып жіберген адамдарға, әкімдіктерге шара қабылдауды қарастырып отырмыз», - деді вице-министр.