«Елге ел қосылса – құт»: Заңғар Санайдың отансүйгіштік өнегесі
Туған жердің топырағын аңсап, алыстан арман арқалап жеткен әр қандастың жүрегінде елге деген сағыныш пен туған жерге деген сүйіспеншілік жатады. Солардың бірі «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі журналист Заңғар Санай. Оның өмір жолы – елге адалдықтың, табандылық пен отансүйгіштіктің айқын айғағы. Ол туралы KazFace.kz тілшісіне баяндап берді.
Заңғар Санай атамекенге алыстан оралған қандастардың бірі. Өз тағдыр жолы арқылы елге оралудың қуанышы мен қиындығын қатар сезінген азамат. «Оралман» атанып, жаңа өмірге бейімделудің оңай болмағанын бүгінде жылы жүзбен еске алады.
«Бізге алғашында "оралман" деген атау берілді. Сол сөздің өзі жүректі біртүрлі ауыртатын. Кейін мемлекет "қандас" деген мәртебе енгізді – бұл өте орынды шешім еді», – дейді ол.
Тәуелсіздік алғаннан бері бір миллионнан астам қандас елге оралған. Солардың қатарында Заңғар Санай да бар. Қазір Қостанай облысында 35 мыңға жуық қандас, оның ішінде 25 мыңнан астамы Рудный қаласында өмір сүріп жатыр. Бала Заңғардың естелігінде елге оралу қуанышымен қатар қорқыныш та болған. Тіл білмеген, ортаға бейімделу оңай болмады. Бірақ бұл қиындық оны сындырған жоқ, қайта шыңдады.
«Біз атамекенге келдік деп қуандық, бірақ іштей қорқыныш та болды. Мен орыс тілін білмеген едім, әкем соны байқап, екі жыл бойы орыс мектебінде оқытты. Алғашында қиын болды, кейін соның бәрі өмірлік сабаққа айналды», – дейді ол.
Мектеп жылдары да сынаққа толы болды. Кейбір балалардың "сен моңғолсың" деген сөзі жанына батқан. Бірақ уақыт өте ол бұл сөзге ренжуді қойып, керісінше, өзінің түп-тамырымен, тегінің тарихымен мақтануды үйренді.
Бүгінде Заңғар Санай – елге келген қандастардың құқығы мен мүддесін қорғауда белсенді азаматтардың бірі. Ол облыстық «Қандастар мәселесі» жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде отандастарға қолдау көрсетіп, олардың жаңа өмірге бейімделуіне атсалысып жүр.
Қазір мемлекет қандастарға көшуге арналған квота бөледі, бірақ оның саны жеткіліксіз. Заңғар Санайдың айтуынша, бұл бағыттағы қолдауды кеңейту қажет.
«Бұрын елге көшіп келгендерге үй де, мал да берілетін. Қазір тек алғашқы үйдің жарнасына 4 миллион теңге және көшу жолақысы қарастырылған. Бұл қаражат барлық шығынды өтей алмайды. Егер мемлекет арнайы "Қандастарды қолдау бағдарламасын" қабылдаса, елге оралатындардың саны әлдеқайда көбейер еді», – дейді ол.
Заңғар Санайдың өмірлік ұстанымы қарапайым, бірақ терең мағыналы: елін сүйген адам ешқашан жалаң ұранмен шектелмейді, ол нақты іспен дәлелдейді.
Ол жастарды отансүйгіштікке, елге деген құрметке тәрбиелеу қажет деп санайды. «Елін сүю – отбасынан басталады. Егер үйде туған жер туралы жиі әңгіме айтылса, бала да соны бойына сіңіріп өседі. Сонда ғана елге деген шынайы сүйіспеншілік қалыптасады», – дейді ол.