Жаңалықтар

Экс вице-министр Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды

Экс вице-министр Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экс-вице-министр 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы жалпы сомасы 115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге ақшаны пара ретінде алды.

«Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен және т.б. дәлелденді», - делінген хабарламада.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Өз кезегінде сотталушы ақтауды өтінді.

«Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын таныды. Қабылдаған антын бұзуы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот үкімімен экс-вице-министр А. ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылы 7 маусымында Антикор жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстаған болатын.