Жаңалықтар

Экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтты

Экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтты

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz. Бұл туралы ол тағы бір апелляциялық шағымы қаралған облыстық сотта айтты.

Аппеляциялық шағым кеше облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралды. Бүгін, 21 ақпанда сот алқасы 7 жылға сотталған экс-шенеунікке үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Енді Б.Хаменова Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтып отыр.

«Ендігі үміт – Жоғарғы сотта. Менің еш кінәм жоқ. Сондықтан кассациялық сатыдағы Жоғарғы сот істің егжей-тегжейін қарап, үкім шығарады деп ойлаймын. Өзімнің ақтығымды дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін. Жоғарғы сотқа жүгініп, әділдікке жетеміз», - деп мәлім етті ол тілшілерге.

Еске салайық, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы былтырғы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрды.

Былтырғы 15 қарашада үкім шығып, ол 7 жылға сотталды. Сот облыс әкімінің бұрынғы орынбасарын ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп таныды.