Досаев журналистерден неге қашты?
Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Әлеуметтік желіде Алматы әкімі Ерболат Досаевтың журналистерден қашқан видеосы кең тарады. Ол қашып ғана қоймай, тілшілерге күш көрсетті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алматыда Александр Невский ескерткішінің ашылуында «Азаттық» радиосының журналисі Мейірім Бақытжанова қала әкімі Ерболат Досаевқа сауалдарын қоюға тырысады. Алайда, топталған ер азаматтар қаршадай қызды ұстап алып, шет жаққа сүйрей бастайды. Бұл әрекетке қоғам белсенділері, журналистер және желі қолданушылары наразылық білдірді. "Досаевтың журналистерден қашуы бірінші рет емес", "Осы әкім телохранительдарына ақшаны қайдан алады?", "Ұятсыздар, еркек бастарымен қызға күш көрсетіп!", "Тіпті, соғыс кезінде журналистерге тиіспейді, бұл недеген масқара! Заңмен жазалануы керек!", "Журналистерде сөз бостандығы жоқ екеніне, міне дәлел!" деп жарыса жазды.
Ал, "Азаттық" редакциясы болған оқиға туралы құзыретті органдарға хабарлауға ниетті. Бірақ егер тиісті шаралар қабылданбаса, журналистер заңды кәсіби қызметке кедергі жасау фактісі бойынша полицияға арыз жазуға дайын екенін мәлімдеді.
Жалпы, айта кету керек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 158-бабы бойынша журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасағаны үшін жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.