Билік

Депутат: «мемлекеттік тілде қызмет көрсету заңмен бекітілуі қажет»

Депутат: «мемлекеттік тілде қызмет көрсету заңмен бекітілуі қажет»

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Депутат Ринат Заитов сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке «Тұтынушылар  құқықтарын қорғау туралы»  заңда мемлекеттік тілде қызмет көрсету бірінші кезекте таңбалануы қажет екенін айтты, деп хабарлайды KazFace.kz.

Халық қалаулысы мемлекеттік тілде қызмет алу мәселесі әлі де барын айтып, наразылығын білдірді. Ол сауда және интеграция министріне осы ретте сұрағын қойды.

«Қазіргі үлкен проблема осы тілдің айналасында. Қарапайым мысал, әлеуметтік желіден бәріңіз көріп жүрсіздер. Тұтынушы келеді де сен неге маған қазақ тілінде қызмет көрсетпейсің деп дау шығарады. Содан қоғам шулайды. Бізде тілдің мәртебесі ешбір жерде анықталмаған. Конституциядан бөлек еш жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергіміз келмейді. Сондықтан заңда нақты жазылуы керек, кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы  бірінші кезекте қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті деп жазу керек заңда», - деді депутат.

Ол өз басынан өткен жағдайларды келтіріп, тұтынушы ретінде көрсетілген қызметке көңілі толмайтынын айтты.  

«Менің нымысыма тиетіні, менің мемлекеттік тілім бола тұра барған жерде өзге тілде қабылдайды. Егер тіліміз жетпей жатса айтамыз екі, үш, бес тілде. Бірақ, Қадыр атамыз айтпақшы «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Сондықтан осы заңда міндетті түрде мемлекеттік тілдің статусын анықтауымыз қажет»

Министр  өз тарапынан тіл жөнінде заңнамаға өзгеріс енгізу жоспарда барын тілге тиек етті.

«Заңнамаға сай тұтынушылардың сұрағына орындаушылар міндетті түрде қазақ тілінде жауап беретін болады. Олай болмаған жағдайда сіз тұтынушы ретінде арыз жазуға құқылысыз. Бұл сұрақтарды әлі де екінші оқылымға дейін пысықтайтын боламыз», - дейді министр.