Депутат Бапи уландым деп жалған ақпарат не үшін таратты?
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапидің денсаулығын тексерту үшін Еуропаға барамын деген ақпараты көпшіліктің наразылығын тудырды, - деп хабарлайды KazFace.kz.
Осыдан бірнеше күн бұрын депутат Ермұрат Бапи өзінің фейсбук парақшасында қолының ісіп кеткен фото суреттерін жүктеп, былай деп жазды.
«Ауырып қалған жағдай бар... Диагноз белгісіз... Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді... Клеткалық-молекурялық негізде диагностика қажет екен... Көрерміз... Аман болайық, ағайын!
Депутаттың дерті оппозиционер Айдос Садықовтың Алматыдағы ас беру рәсімі күні өрши түскені сұрақ тудырмай қоймайды. Еске салсақ, Ермұрат Бапи кезінде ескі Қазақстанды сынаушы, жемқорлықпен күресуші, қоғам белсендісі ретінде танымал болған. Ол Алматыдағы рәсімге ауырып қалғасын бара алмағанын айтты. Мәжілістің мінберінде отырған депутат оппозиционердің асына бару, басына бәле тудырады деп тартынғанға ұқсайды.
«Бұл жағдаятты қайсыбіріне түсіндіремін. Бірақ маған сенбей, күмәнданып жатқан азаматтар үшін желіге қолымның суретін жариялауға тура келді», дейді ол.
Ермұрат Бапидің сөзінше рәсімге қатысқан ел ағалары оны іздеген екен. Тіпті хабарласып қайда екенін сұраған. Ол шынымен ауырғанын айтып, ақтала ұзын сонар посттар жариялады. Тіпті ақталғаны соншалық қолының қышыған жерін кесіп тастағысы келгеніне дейін жазды.
Кейін мәжіліс депутаты өзінің шет елдегі емі жайлы Tengrinews.kz. ақпараттық сайтына берген сұқбатында түсініктеме берді.
"Улану - бұл жай ғана болжам, нұсқа. Біздің медицина мені тексергенде, мен барлық сынақтардан өттім - қаннан паразиттерге дейін.Ештеңе таппады. Осыдан кейін молекулалық-жасушалық зерттеу мәселесі туындады. Олар уланған болуы мүмкін деп айтты. Тағы ештеңе табылған жоқ. Осылайша, қалай емдеу керек деген сұрақ туындады. Сондықтан мен қазір Еуропаға диагностикаға барамын. Емдеу болмаса да, алдымен оның не екенін білу керек. Наурыз айынан бастап бұл жағдай мені алаңдатады", - деді Ермұрат Бапи.
Депутат анализдерін шет елге жіберіп қойған. Қазір алғашқы келген шақыртуға орай Германияға бару қамын жасауда. Ол осы айдың 20-сы жолға шықпақшы. Бұл туралы өзінің жазбасында растады.
Сайып келгенде ешқандай улану белгісі анықталмаған. Ол үнемі дәрігерлер қарауынан өтіп тұрған. Бұл жайлы президент іс басқармасына қарасты клиниканың баспасөз хатшысы мәлімдеді. Барлық тексерулерден өткеннен кейін, оған диагноз қойылған.
Айта кетері, президент іс басқармасына қарасты клиника халық қалаулыларын тегін емдеп, қарайды. Ол жерде еліміздің ең таңдаулы дәрігерлері қызмет етеді. Десе де Ермұрат Бапи неліктен Еуропалық емге зәру? Оның бұл ісі елдің ем домының сапасына күмән тудырмайды ма?
Қорыта келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні депутатың шет ел медицинасына жүгінетіні рас болып шықты.