Дәрігер Шумков ісі аяқталды
Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында гастроэнтеролог-дәрігер Юрий Шумковты өлтірді деп айыпталған күдіктіге үкім шықты.
Сот 1987 жылы туған Нұржан Тұрсынбаевты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.
- Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2 бөлімі ("Кісі өлтіру"); 115-бабы ("Қорқыту"); 287-бабы, 2 және 3-бөліктері ("Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру"); 291-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру, не қорқытып алу"); 380- бап, 1-бөлім ("Билік өкіліне қатысты қатер немесе зорлық-зомбылық") бойынша кінәлі деп танылды, - деп үкім шығарды сот.
Сондай-ақ, айыпталушы Шумковтың жесіріне моральдық шығын үшін 15 миллион теңге төлеуге, марқұмды жерлеуге кеткен 4,6 миллион теңгені өтеуге міндетті.
Ал айыпталушының анасы ұлының денсаулығына алаңдаулы. Тергеу изоляторында баласының денсаулығы одан бетер нашарлап, жүріп-тұрудан қалған.
- Зілтемірмен әкеліп жолықтырады. Не тұра алмайды, не жүре алмайды, не тамақ іше алмайды. Тіпті, сот отырысында отыралмады. Балама ешқандай ем қолданып жатқан жоқ, - дейді анасы.
Жақындарының айтуынша, дәрігер Шумков емделушінің іш құрылысын тексеру үшін зонд тыққанда кеңірдегіндегі шеміршегін сындырған. Соның салдарынан денсаулығы күрт нашарлаған. Бұл жағдайға ашынған Нұржан осындай қылмысқа барды дейді.
35 жастағы Нұржан Тұрсынбаев үш баланың әкесі. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Осыған дейін істі болмаған.
Еске сала кетейік, аталған қылмыс 2022 жылы 4 сәуір күні орын алған. Емделуші дәрігерін аңшы мылтығымен атып тастаған. Аса ауыр қылмыс қаланың Бостандық ауданында автотұрақта болған.