Чемпион Алдияр Аңсат
Биылғы классикалық шахматтан әлем чемпионаты аясында өткен Kazakhstan Chess Cup турнирінде қазақстандық 15 жастағы Алдияр Аңсат чемпион атанды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Аталған жарыста Алдияр 5 халықаралық гроссмейстермен кездесіп, екеуін жеңіп, қалғанымен тең ойын көрсетті. Нәтижесінде жасөспірім халықаралық гроссмейстер нормасын орындап, сенсация жасады. Турнирге 16 елден барлығы 167 спортшы қатысты.
Ол Қызылордадағы 70-ші қалалық мектебінің оқушысы. Алдияр шахматтан 6 жасында бірінші разряд, 7 жасында спорт шеберлігіне үміткер, 11 жасында FIDE шебері, 13 жасында «Халықаралық шебер» атанған. Бұл жаста осындай дәрежеге жету кез келгеннің қолынан келмейді. Оның айтуынша, жетістікке жетуіне ең алдымен әкесінің еңбегі зор.
- Шахматта да, өмірде де алғашқы ұстазым – әкем! Дұрыс шешім қабылдау үшін барлығын ойланып, сараптауды үйретіп келеді. Өмірде шахмат тақтасындай күрес болса, мінез керектігін айтады. Ойланып қадам жасағанда, сабыр керек дейді. Әкеме алғысым шексіз, - дейді чемпион.
Алдияр мықты шахматшы болу үшін тыңбай еңбек етіп, жарыстарға жиі қатысып, бақ сынайды. Ол Мамайда (Румыния) шахматтан өткен чемпионатта 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында қола медаль жеңіп алғанын айта кету керек.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас шахматшыға тек қана сәттілік тілейміз!