БҚО-да "Жол активтері сапасы ұлттық орталығының" бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды
Заурбек Қыпшақбаев 32 млн теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KazFace.kz
Күдікті сараптаманың оң нәтижесі үшін жергілікті кәсіпкерден қаржы алды деп айыпталған. Ол 5 қыркүйекте Оралда сотталды. Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі "Бірнеше рет пара алу" бойынша кінәлі деп таныды.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, күдікті "Жол активтері сапасы ұлттық орталығы" Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы қызметін атқара жүріп, мердігер “Приоритет” компаниясын тексерген. Одан әрі мекеме басшысына нысандағы жұмыс сапа стандарттарына сай еместігі туралы электронды хат жолдаған.
Қылмыстық іс материалдарынан белгілі болғандай, “Приоритет” компаниясының басшысы Жанна Кенжина Зауырбек Қыпшақбаевты өз компаниясының кеңсесіне шақырған. Отырыста Қыпшақбаев одан сараптамалардың оң қорытындысы үшін 40 млн теңге талап еткен.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол компаниядан 30 млн теңге алған. Сотта барлық сараптамалардың нәтижесі жарияланды. Соңғы мәміле – 2 млн теңгені аудару кезінде Қыпшақбаевты ҰҚК қызметкерлері ұстаған.
Еске сала кетейік, Зауырбек Қыпшақбаев көп жылдар бойы БҚО бойынша “Жол активтері сапасы ұлттық орталығында” инженер болып қызмет етіп, 2021 жылы филиал басшысы лауазымына тағайындалған болатын. Оның ісі 1 жылға жуық уақыт созылды.