Жаңалықтар

Болар бала жасынан: 9 жастағы оқушының видеосы миллион қаралым жинады

Болар бала жасынан: 9 жастағы оқушының видеосы миллион қаралым жинады

Әлеуметтік желіде Айбар есімді мектеп оқушысының "Ұстазым" әнін нақышына келтіріп орындаған видеосы тарады.

Видеоны жариялаған әнші Самат Жанғазиннің айтуынша, видео бірден аз уақытта миллион қаралым жинаған. Баланың дауысына тәнті болған ол, Айбармен дуэт жазуға ниетті. 

- Мені 201-ші мектеп-гимназия ұстаздары оқушылармен кездесуге шақырды. Кездесуде "Ұстазым" әнін орындағанымда залда отырған Айбар ерекшеленіп, маған қосылып айтты. Өнерде жүрген соң талантын бірден байқадым. Видеосын Tik Tok парақшама салғаным сол еді, 3-4 сағатта миллион қаралым жинады. Қазір 3 миллионнан асты. Дарынды баламен болашақта дуэт жазып, оны өнерге тартсам ба деген ойым бар, - деді әнші.

Айбар Нұрланұлы көпбалалы отбасынан шыққан. Жасы 9-да. Алматы қалалық 201-ші мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы. Анасының айтуынша,  ұлының ерекше дауысы әкесіне тартқан. 

- Отбасында 3 ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Айбар кәсіби түрде ән айтып үйренбеген. Бірақ үйде әкесімен бірге қосылып ән айтады. Әкесінің даусы бар, өнерге жақын. Сонымен қатар, мектептегі актерлік шеберлік үйірмесінде апайлары әнге баулып жүр екен. Тағы ол футбол ойнағанды жақсы көреді. Біз оның кез келген бастамасын қолдаймыз, - деді анасы Маржан Қалиева.

Айта кету керек, Айбардың бұл бірінші танымал болуы емес. 2018 жылы Сәкен Майғазиевтың "Жыламасын сәбилер" әнін айтқан видеосы кең тараған болатын. Ал, ғаламторда жарияланған "Ұстазым" әнімен 3 миллионнан астам қаралым, 5 мыңнан астам пікір жинаған. Желі қолданушылары талантты баланың дауысын Димаш Құдайбергенге теңеп, "Димаштың ізбасары" деп атап жатыр. Республикалық телеарналар болса, бірінен соң бірі Айбардан сұхбат алуда. Болар бала жасынан деген осы шығар.

Авторы: Жадыра МАЖИБАЕВА