Блогер Аселина Батыр кондитерге өтемақы төлейтін болды
Астанада блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Акбергенова арасындағы атышулы «торт дауы» бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Сот шешімімен блогер кондитерге 200 мың теңге қарыз бен 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде кондитерден кешірім сұрап, оған қарсы айтқандары бойынша жоққа шығару постын жариялауы тиіс.
Судьяның айтуынша, тараптар торттың бағасы жөнінде нақты келісімге келмеген. Кондитер 440 мың теңге көлеміндегі шығынды көрсеткенімен, құжаттар жеткілікті дәлел болмаған.
Еске салсақ. Осы жылдың тамызында блогер Аселина Батыр жеке мерекесіне арнап төрт қабатты тортқа тапсырыс берген. Кондитер жұмысты 600 мың теңгеге бағалаған, алайда баға алдын ала келісілмеген. Блогер тек 100 мың теңге төлеп, қалғанын беруден бас тартқан. Кейін әлеуметтік желілерде тараптар арасында жанжал туындап, кондитер өз беделін қорғау үшін сотқа жүгінген.
Сот блогердің кінәсін жартылай мойындап, қаржылық және моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде жасалған келісімдердің де заңдық жауапкершілікке ие екенін көрсетті.