Біртановтың ісі: Сот адвокаттардың қарсылығын қабылдамады
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев ісіне қатысты өткен негізгі сот отырысында адвокаттар мемлекеттік айыптаушылар мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкіліне қарсылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаушылар тарапынан сөз алған Ержан Біртанов зардап шегуші тараптың (Денсаулық сақтау министрлігі – ред.) өкілі Асқар Ақбаевқа наразылық танытты.
«Біртановты қорғаушы тараптың Ақбаев мырзаға қатысты сұрақтары бар. Оған куәгер ретінде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру платформасы туралы маңызды мәліметі бар құжатқа қол қойған адам ретінде сұрақ қойылады. Бұл жерде платформаның 2021 жылғы 1 қарашадағы техникалық жағдайы туралы актіні айтып отырмын. Сот ісі басталғанда ол құжатты орыс тіліне аударуға және зерттеуге міндет алған. Ақбаев мырза мен бұл құжатқа қол қойған өзге де тұлғалар, яғни Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының, «Эриксон Никола Тесла» компаниясының өкілдері сотта Біртановты қорғаушы тараптың сұрақтарына жауап беруге тиіс. Осыған байланысты Ақбаев мырза зардап шегуші тараптың өкілі ретінде сотқа қатыса алмайды. Өйткені бір адам сот процесіне екі бірдей статуспен қатыса алмайды. Әрі куәгер, әрі зардап шегуші болуы мүмкін емес. Бұл ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексіне де, қисынға да сыймайды. Мұндай қосақталған статус мүдде қайшылықтарын туындатуы мүмкін», - деді Ержан Біртанов.
Ал адвокат Серік Сағалиев процессуалдық прокурор Санат Талқанбаевқа қарсылық білдірді.
Олжас Әбішевтің адвокаттары да бұл ұстанымды қолдайтынын айтып, мемлекеттік айыптаушылардың екеуіне де қарсылық берді.
Елжан Біртановтың өзі де ҚР Бас прокурорынан өзіне қатысты іс бойынша басқа мемлекеттік айыптаушылар ұсынуды сұрады.
Үзілістен кейін судья қорғаушы тараптың талаптарына қатысты қабылданған шешімді мәлім етті.
«ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 87, 88, 94-баптарының негізінде судья қаулы қабылдады:
- Сотталушы Е.Біртановтың қорғаушысы Ержан Біртановтың зардап шегуші тараптың өкілі А. Ақбаевты пооцессуалдық істен шеттетіп, одан куәгер ретінде қорғаушы тараптың жауап алғызуы туралы өтінішінен бас тарту;
- Адвокат С. Сағалиевтің процессуалдық прокурорға берген қарсылығынан бас тарту туралы қаулы қабылдады.
Қаулы шағымдануға жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы уәждерді аппеляциялық шағымдар мен прокурордың өтінішіне енгізуге болады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов.
Айта кетейік, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын. Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевке «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгенің шығыны келтіргені туралы айып тағылып отыр.