Сұхбат KazFace.kz

Бейбарыс Бауыржанұлының авторлық әдістемесі

Бейбарыс Бауыржанұлының авторлық әдістемесі

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Елімізде ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімді жолдарын ұсынған жас маман Бейбарыс Бауыржанұлының авторлық әдістемесі бүгінде мыңдаған отбасына үміт сыйлап отыр, деп хабарлайды KazFace.kz тәлшісі.

Оның бастамасы қасиетті Рамазан айында 3000 ата-анаға тегін сабақ өткізуден басталған. Сабақ барысында ол ата-аналарға баламен дұрыс қарым-қатынас жасау, моторикасын дамыту және ерте реабилитация тәсілдерін үйретті. Нәтижесінде көптеген балалардың дамуында айтарлықтай өзгерістер байқалды. Осыдан кейін елдің түкпір-түкпірінен түскен сұранысқа байланысты Бейбарыс мырзаны Қазақстанның 14 қаласына шақырып, сабақтар өткізу қолға алынды. Бүгінде оның шәкірттері аталған қалаларда жұмыс істеп, балалар мен ата-аналарға қолдау көрсетуде.

Бейбарыс Бауыржанұлының әдістемесі моторлық онтогенезге, яғни адамның қозғалыс қабілеттерінің табиғи дамуына негізделген. Бұл жүйе 18 жасқа дейінгі балаларға және ересектерге де қолданылады, алайда ең тиімді нәтиже 6 жасқа дейінгі балаларда байқалады.

«Баланы ерте жастан дамыту жұмысы басталса, нәтиже тез көрінеді. Дегенмен 6 жастан асқан балаларда да оң динамика бар. Тіпті 20 жастағы жасөспірім өздігінен сөйлеп, қимыл-қозғалысы жақсарған жағдайлар кездесті», – дейді автор.

Жұмыс барысындағы басты қиындық – әр баланың жағдайына сай жеке бағдарлама құру қажеттілігі.

«Біздің тәжірибеде екі бірдей бала болмайды. Әрқайсысының даму қарқыны, қабылдауы мен мүмкіндігі әртүрлі. Сол себепті жаттығулар мен тәсілдер де жеке таңдалады», – дейді Бейбарыс Бауыржанұлы.

Қазіргі таңда жыл сайын 600-700 маман осы әдістеме бойынша оқудан өтеді. Дегенмен олардың бәрі әдістемені толық меңгере бермейді.

«Біздің командада 14 маман бар. Солар ғана әдістемені 100 пайыз деңгейінде орындай алады. Себебі бұл үлкен тәжірибені, баламен жұмыс істеудің нәзік қырларын білуді талап етеді», – дейді ол.

Қазір авторлық әдістеме заңды түрде тіркелу кезеңінен өтуде. Сонымен қатар, Бейбарыс Бауыржанұлының тобына шетелден де ұсыныстар түсіп жатыр. Польша, Ресей, Қырғызстан және араб елдерінің мамандары қазақ маманының тәжірибесіне қызығушылық білдіруде.

«Біздің мақсатымыз – әр бала өз әлеуетін толық ашып, қоғамның толыққанды мүшесі бола алуына мүмкіндік беру. Ол үшін ең бастысы – сенім, сабыр және сүйіспеншілік», – дейді Бейбарыс Бауыржанұлы.