Белгілі журналист, сықақшы Көпен Әмірбек өмірден озды
Танымал сатирик Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Серік Сейітман жеткізді.
«Көңілдеріңізге көп рақмет. Көпен ағам бізді тастап кетті...», - деп жазды ақын Facebook- парақшасында.
Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған.
1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған.
Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, ҚР Бас прокуратурасының және Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеді.
Көпен Әмірбек «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!...», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзілсықақ, сын мақалалар кітабының авторы.
Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.