Жаңалықтар

Белгілі жазушы Софы Сматаев қарызға кіріп кеткенін айтып мұңын шақты

Белгілі жазушы Софы Сматаев қарызға кіріп кеткенін айтып мұңын шақты

Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері, жазушы, драматург Софы Сматаев 20 мыңнан астам кітабының өтпей жатқанын айтып елге үндеу тастады. Кітаптан түскен қаржыны ол қарызын жабуға жұмсамақ, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Express Qazaqstan тілшісі осы жағдайға байланысты Софы Сматаевтың өзімен сөйлесті. Жазушы 25 томдық кітабын 12 мыңға беруге дайын. Алайда құнды дүниесінің құнын түсірсе де алатын адам жоқтың қасы екен.

"Кітап өтпей жатыр. Не істейсіңдер, ал? Ойбайлап жатырмын, айқайлап жатырмын, ешкім алмайды. Әкімдерге жаздым, мәдениет басқармасына жаздым. Бір жиынтығын алады, болды. Алматыда кітабымды аламын деген 100 адам бар. Бірақ біреуі де келген жоқ. Өтірік айтады. Дүкендерде менің кітаптарым 50 мыңнан тұр. Ал мен 12 мыңнан беремін дедім. Сонда да ешкім алатын емес. Әйелімнің басына 5,5 миллион теңге керек. Мен соған қарызданып, қауғаланып жүрмін", — дейді жазушы.

Жазушының жары Шәмшия Сматаева осы жылдың жазында қайтыс болған еді. Драматург марқұм әйелінің зиратын тұрғызу үшін біраз шығындалғанын айтады.

"Түбі апаңның қасына барамын ғой. Жататын жерді қазір дұрыстап қоюым керек. Ақша маған сол үшін қажет. 25 том тұр. "Елім-ай", "Жарылғап батыр", "Бұлақ", "Мәңгілік бастауы" деген он романым бар. 25 кітапты 12 мыңға бағалап отырмын. Оның 4 томы драматургия, 5 томы поэзия, 1 томы философиялық эссе ", — дейді Софы Сматаев.

Қаламгер Жазушылар одағынан да, Үкіметтен қайран болмай жатқанын жеткізді.

"Жазушылар одағынан 80-ге келгенше бір мақтау қағаз алған жоқпын. Олар мені иттің етінен де жек көреді. Өйткені Сматаев деген 30-ға толмай "Елім-ай"-ды жазған. Қазақ жазушылары арасында 25 томдықты жазған ешкім жоқ. Мұхтар Әуезов 17-ақ том жазды. Илияс Есенберлин де 17 том жазды Әбдіжәміл Нұрпейісов тіпті 8-ақ том жазды. Ғабит Мүсірепов те 8 том жазды. Енді не дейсіңдер маған? 25 томды 12 мыңға алмайсыңдар. Үкімет 30 жылда менің бір кітабымды шығарған жоқ. Барлығын өз күшіммен шығарып келе жатырмын", — дейді драматург.

Софы Сматаев 1941 жылы Қарағанды облысы, Ақадыр ауданында дүниеге келген. 80-нен асқан жазушы "Құрмет", "Парасат" ордендерімен марапатталған.