Жаңалықтар

Белгілі кәсіпқой боксшы Шүменов сауда орталығында төбелесті

Белгілі кәсіпқой боксшы Шүменов сауда орталығында төбелесті

Астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі фут-кортта баламен отырған азаматты белгісіз біреу соққыға жықты, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Аталған жайт әлеуметтік желіге кең тарап, қызу талқыланып жатыр. Ұзын-құлақтың айтуынша, ер азаматқа күш көрсеткен кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов. Осы орайда Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев бұл қауөсетті растады. 

«Иә, растаймыз. Қазір айналысып жатырмыз. Бұзақылық бойынша іс қозғалды», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, аталған факті бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Заң бұзушылық аса ауыр емес деп бағаланып отыр. Сонымен қатар тергеу барысы Бейбіт Шүменовтің бұрынғы кәсіби спортшы екендігі жағдайды ауырлататын мән-жай болуы мүмкін бе екендігін айқындайтын болады.

«Қызметтік тексеру жүруде. Ол қатаң жазаға тартылады. Күні кеше министр мәселені көтерді, ол жазаланады», - деді Қайрат Сүнтаев.

Министр орынбасарының айтуынша, төбелес барысында бала зардап шекпеген. Дегенмен, зардап шеккен азамат бұрынғы әлем чемпионын қылмыстық жазаға тартуын талап етіп отыр.

Десе де, Шүменовтың өзі кінәсін мойындамайды. Оның айтуынша, ол суық қарумен шабуылдаған азаматтан қорғанған. 

- Мен отбасымды Америкадан туған жерімізді көрсету үшін алып келдім. Ұлым ойнайтын жерде жүрген. Бірде маған жүгіріп келді бір бала мені соқты деп. Кейін әкесімен отырған жерге барып, баласы ұлымды соққанын айттым. Ол болса маған дөрекі жауап беріп, қолына шанышқы ма, пышақ па алып сермеді. Жанымыздағы адамдар маған "қолында пышақ" деп айғай салды. Егер менің орнымда басқа біреу болса, ол адамнан зардап шегер еді. Онымен қоймай, өзінше баланы сылтауратып, қорғанып қояды, -деді.

Белгілі болғандай, спортшының ұлын соққан аутизммен ауыратын ерекше бала болып шықты. Оның анасы Шүменовтан жеке кешірім сұрады. Бірақ сараптама қорытындысы шықпай, не іс бір жақты болмай спортшы отбасымен Америкаға ұшып кетті.

Еске сала кетейік, Бейбіт Шүменов кәсіпқой боксшы, WBA және ІВА бойынша дүниежүзі чемпионы.