Мәдени айнасы

Белгілі актер Нұрлан Сегізбаев өмірден озды

Белгілі актер Нұрлан Сегізбаев өмірден озды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

“Менің атым Қожа” фильмінің басты актеры Нұрлан  Сегізбаев өмірден өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист әрі кинодраматургтың қазасы туралы қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.

Нұрлан Сегізбаев – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол бар ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятты өркендетуге арнап, кейінгі ұрпаққа құнды мұра қалдырды.

Өнерсүйер қауымға ол Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлі арқылы кеңінен танылды. Бұл туындыдағы бейнесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға ретінде есімін тарихта қалдырды.

Марқұм соңғы жылдары ауыр дертпен күресіп келген. Дәрігерлер оған созылмалы обструктивті өкпе ауруының (ХОБЛ) 4-дәрежесі деген диагноз қойған. Аталған ауру тыныс алу жолдарын тарылтып, дем алуды едәуір қиындатады. Биыл сәуір айында дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтып, бірнеше айы ғана қалғанын хабарлаған болатын.

Соған қарамастан, Нұрлан Санжарұлы шығармашылық жұмысын тоқтатпай, кітаптары мен түрлі жобаларымен айналысуды жалғастырды.

Ол ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс беріп, ондаған жас журналист пен қаламгердің қалыптасуына үлес қосты. 

Сонымен қатар драматургия, телевизия саласына арналған еңбектер мен тарихи романдардың авторы болды.