Бас прокуратура Күдебаев ісі бойынша мәлімдеме жасады
Бас прокуратура экс-генерал Күдебаевтың заңсыз шекара асуы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KazFace.kz бас прокуротураға сілтеме жасап.
"Алматы облысы ІІД бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуі бойынша Ұлттық қауіпсіздік органдарымен іс қозғалған болатын. Бірақ істің маңыздылығын ескере отырып, бұл істі Бас прокуратура өзінің өндірісіне қабылдап алды. Бұл іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды", - деді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәли.
Серік Күдебаев Қырғызстан арқылы Түркияға өткен деген дерек бар. Екі елдің де шекарасы арқылы заңсыз өткен. Бұл мәселе бойынша Қырғызстан да қылмыстық іс қозғады.
Жалпы Қазақстан мен Қырғызстан арасында қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісім бар. Яғни, келісім бойынша қылмыскер туралы қандай да бір дерек белгілі болған жағдайда оны екі ел бөліседі.
"Қырғыз әріптестеріміздің мәліметіне сәйкес, Серік Күдебаев Қырғызстанға келгеннен кейін Манас әуежайы арқылы Ыстанбұл қаласына ұшып кеткен. Қырғыз тарапы бірлескен жұмыс нәтижесінде Күдебаевтың Қырғызстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту бойынша қылмыстық іс қозғады. Біз мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуді кім ұйымдастырғанын анықтауды мақсат етіп отырмыз. Сол себепті де қырғыз тарапы бізге өте маңызды", - деді ол.
Сонымен қоса, бұл іс бойынша еліміз Түркия тарапымен де жұмысты бастап кеткен.
"Түркия елімен өзара құқықтық көмек туралы екіжақты келісім бар. Соның нәтижесінде Түркияның құқық қорғау органдарымен жұмысымызды бастап та кеттік. Оның барлығына жан-жақты тоқталғым кеп тұрған жоқ. Бұл іздестіру амалдарына кедергі келтіруі мүмкін", - деп қысқа қайырды.
Оның айтуынша, Күдебаев ақпарат көздерін аңдып отыруы мүмкін. Барлық деректер ашылып айтылмауы сол себепті.
Айта кетейік, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 3 сәуір күнгі сот отырысына қатыспаған. Прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында оның елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынған.