Жаңалықтар

Бас прокуратура Бишімбаевтың ісі бойынша мәлімдеме жасады

Бас прокуратура Бишімбаевтың ісі бойынша мәлімдеме жасады

Мәжілістің кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев қоғамды дүр сілкіндірген Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық істің тергелу барысын айтты, деп хабардайды KazFace.kz.

"Бишімбаевқа қатысты аса қатыгездiкпен адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Оның туысы да ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды - жасырғаны және қылмыс туралы полиция органдарына жеткізбегені үшін. Мен қазір ағасы немесе інісі екенін айта алмаймын. Оның туысы екені анық", - деді.

Осылайша, аталған қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіруден", 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабына ауыстырылды. Енді әйелін өлтірген экс-министрге 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сондай-ақ, Жандос Өмірәлиев Бишімбаевтың қасында туысы болғанын растап, ауыр қылмыс туралы полицияға хабарламағаны үшін заңға тартылатынын жеткізді. 

Еске салайық, 9 қарашада сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне белгілі мейрамхананың бірінде әйел адамның ес-түссіз жатқаны туралы қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі.