Бас бапкер Черчесов: «Маған қазақша сұрақ қоймаңыз»
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Журналистермен өткен брифингте футболдан бас бапкер Станислав Черчесов қазақ тілінде қойылған сұраққа көңілі толмады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Брифинг барысында журналист Нұрсұлтан Құрман бас бапкерге қазақ тілінде сұрақ қойды. Черчесов оның сөзін бөліп, қай жақтан екенін сұрады да, ары қарай орысша жалғастыруын сұрады.
«Сіз маған сұрақ қойып тұрсыз ғой. Мен де осетин тілінде сөйлесем қалай болады? Алайда ол кезде ешкім түсінбейді. Бұған дейін де қазақша қойдыңыз. Ол кезде федерация президенті аударып берді, бірақ ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді», – деп әзіл-шыны аралас ескерту жасады құрама бас бапкері.
Бұл өтінішін журналист елемей, сауалын тағы да қазақша қойды. Ол бапкерлік штабқа кімдер кіргенін сұрады. Бас бапкер «Бұл штабқа сенің кірмейтінің анық», - деп әзілмен жауап қатты. Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары «Жақында ғана келсе не болыпты, қазақша сөйлесін», «дұрыс жасаған журналист», - деп даулықты.
Айта кетейік, Станислав Черчесов бас бапкер қызметіне 3 маусымынан бастап кірісті. Ол- кеңестік және ресейлік футболшы, қақпашы әрі футбол жаттықтырушысы. КСРО, ТМД және Ресей құрамаларының ойыншысы. Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері, жаттықтырушысы.