Банк қызметкерлері клиенттердің деректерін алаяқтарға сатқан
Қазақстандық банктер өз клиенттерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға берген. Бұл ақпаратты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі растады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Аталған мәліметті ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап бере отырып, мәлімдеді.
Иә, өкінішке қарай, мұндай фактілер бар. Биыл да былтырғыдай екінші деңгейлі банктерді тексердік және оларды заң бұзғаны үшін жазаладық, – деп нақтылады Руслан Әбдіқалықов.
Алайда, комитет төрағасы бұл жөнінде нақты статистика жоқ екенін айтты.
Сондай ақ Руслан Әбдіқалықов өз сөзінде мұндай жағдайлар орын алған сәтте адамдардың азаматтық ұстаным білдіруі маңызды екенін айтты. Яғни, клиенттер бұл туралы міндетті түрде хабарлауы тиіс. Сәйкесінше, жауаптылар заңды тұлғаны жазалап, банктің өзіне заңды тұлға ретінде айыппұл саламыз деп отыр.