Жаңалықтар

Баланы құтқарған Сәбитке Нұр-Сұлтан қаласынан үш бөлмелі пәтер беріледі

Баланы құтқарған Сәбитке Нұр-Сұлтан қаласынан үш бөлмелі пәтер беріледі
Бүгін Нұр-Сұлтанда көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатынан салбырап құлағалы тұрған 3 жасар бүлдіршінді еш қорғаныш белбеуісіз жалаң қолымен құтқарған батыр Сәбит Шонтақбаевқа елордадан баспана тарту етілмек. Бұл туралы журналист Халима Тәжіқұл өзінің Facebook парақшасында жазды. 
 
«Сәбиттің ерлігі мейірімге сусағын елді бір серпілтіп тастады. Көпбалалы әкенің балаларынан жырақта - астанада құрылыста жұмыс істеп жүргенін естіген қарапайым халық оның отбасымен бірге тұруы үшін баспана сыйлау мақсатында ақша жинауды бастап та кетті. Дәулеттен қоры қазірге дейін үш миллион теңгеден астам қаржы жинап үлгерді.

Дәл осы сәтте тағы бір сүйінші хабар жетті: «G-park» құрылыс компаниясы мен Ғабит Сатмағамбетов қайырымдылық қоры астанадағы «Рио де Жанейро» тұрғын үй кешенінен Сәбитке үш бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешім қабылдапты. Бұл жаңалықты жеткізушілер ақпаратты растап отыр.

Бүгінгі күн әдемі нотамен басталып, әдемі аяқталып жатыр. Әлемді мейірім құтқарады деген рас!», -деп жазды ол. 

Бұған дейін Төтенше жағдай бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев 8-қабаттан қызды қағып алған Сәбит Шонтақбаев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттаған болатын.