Жаңалықтар

Балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін

Балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың смартфонды бақылаусыз пайдалануына қатысты тәуекелдер туралы айтып, кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заңмен шектеу мәселесін талқылауды ұсынды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Оның айтуынша, 4–6 жастағы балалардың да смартфонды еркін қолдануы қауіп тудырады, себебі желідегі зорлық-зомбылық пен буллинг элементтері бар контент олардың психикасына кері әсер етеді. Әлеуметтік желілердің алгоритмдері тәуелділік қалыптастыратынын да атап өтті.

Аймағамбетов басқа елдерде балаларға арналған уақыт және контент шектеулері енгізілгенін мысалға келтіріп, Қазақстанға да жас ерекшелігіне қарай (10–12–14 жас) әлеуметтік желіге тіркелуді реттейтін тетіктер қажет екенін айтты.

Депутаттың пікірінше, мәселені тек тыйыммен шешу мүмкін емес – балаларға цифрлық гигиена туралы білім беру, критикалық ойлауды дамыту және балама іс-шаралар ұсыну маңызды. Сонымен қатар, барлық шешімдер ғылыми дәлелдерге негізделуі тиіс.