Балалар үйіне заманауи скейт-алаң салынады
1 маусым Балаларды қорғау күні аясында "SOS Астана балалар ауылы" балалар үйінде Қазақстан скейтбординг федерациясының демеушілігімен заманауи жасақталған скейт- алаңның құрылысы басталды, - деп хабарлайды KazFace.kz.
Ашылу салтанатында алаңның макеті ұсынылды. Құрылыс жұмыстары 2-3 аптаға созылады деп күтілуде. Сондай-ақ, іс-шарада кәсіби спортшылар скейт-шоу көрсетіп, федерация басшысы Жандос Рахмет сөз сөйледі.
Адамның жарқын болашаққа ұмтылуына, дамуына шабыт беретін ол - спорт, салауатты өмір салты. Бүгінгі күні жастардың басым көпшілігінің кәсіби түрде спортпен айналысуына жағдайы жоқ немесе құлқы жоқ. Сондықтан оларды спортқа экстремалды, стандартты емес және сәнді форматта тарту керек. Балалар үйі аумағында заманауи скейт-алаң мен скейтбордингтен курстар өткізу - жастарды спортқа тартудың нақты қадамы, - деді Жандос Рахмет.
Сонымен қатар, федерация балалардың алаңда толыққанды жаттығуы үшін керекті құрал-жабдықтарды, яғни ролик, скейт, самокаттарды сыйға тартты. Алдағы уақытта кәсіби спортшылар болса, балалар үйінің тәрбиеленушілерін скейтбордингпен жаттықтыратын болады. Жандос Рахметтің айтуынша, федерация тарабы ең дарынды жастарға университеттен грант беріп, болашақта өз қатарларына жұмысқа алады.
Айта кету керек, "SOS Астана балалар ауылы" - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық етеді. Яғни, қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмектесетін отбасын қолдау орталығы.