Қоғам
Пресс-релиз

БҚО-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда

БҚО-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

«Таза Қазақстан» акциясы және "Игі істер" марафоны Батыс Қазақстан облысының төрт ауданында және Орал қаласында өтті, - деп хабарлайды KazFace.kz.

Еліміздің батыс бөлігінің тұрғындары сенбіліктер ұйымдастырып, жоғары белсенділік танытуда. «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сахиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты-қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және жастарды экологиялық бастамаларға тарту.

“Біз қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге тырысамыз. Орал қаласында біз саябақтар мен Жайық өзенінің жағалауын тазалауды, ағаш отырғызуды ұйымдастырдық, ақпараттық стендтер орнатып, қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сыныптарын өткіздік. Студенттерді, мектеп оқушыларын және қала тұрғындарын қосқанда 200-ден астам адам қатысты. Болашақта осындай акцияларды тұрақты өткізуді, іс-шаралар географиясын кеңейтуді, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру үшін білім беру бағдарламаларымен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Бөрлі ауданының Ақсай қаласында қоғамдық орындарды жинау, ағаш отырғызу, қоқысты бөлек жинауға арналған урналар орнату және экологияны сақтау туралы семинарлар ұйымдастырылған. Іс-шараларға 200-ге жуық еріктілер, мектеп оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Шілде айының соңында "Таза жағалау" акциясын өткізу жоспарлануда, оның мақсаты өзендер мен су айдындарының жағалауларын қоқыстардан тазарту болып табылады. Одан бөлек "Таза ауыл" акциясы өтеді. Осы акция шеңберінде ауылдық аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі іс-шаралар жүргізілетін болады.

Алдағы уақытта су тасқынынан зардап шеккен өзендер мен аумақтарды тазарту жоспарлануда. Бұл іс-шаралар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениет деңгейін арттыруға ықпал етпек.