Қоғам

Қазақ тілін білмеген даяршы жұмыстан қуылды

Қазақ тілін білмеген даяршы жұмыстан қуылды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында орналасқан мейрамханалардың бірінде қазақ тілінде қызмет көрсете алмаған қызметкер жұмыстан босатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода мейрамхана қызметкерінің клиентпен қазақ тілінде сөйлесуден бас тартқаны көрінеді. Аталған бейнежазба қоғамда кеңінен талқыланып, мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәселесіне қатысты қызу пікірталас туғызды.

Оқиғадан кейін аталған мейрамхананың қызметкері әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, көпшілік алдында кешірім сұрады. Ол өз сөзінде туындаған жағдайға өкініш білдіріп, ешкімді ренжіту ниеті болмағанын жеткізген.

Жағдайға байланысты мейрамхана әкімшілігі де ресми мәлімдеме жасап, келеңсіз оқиға үшін кешірім сұраған. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдағы уақытта қайталанбауы үшін ішкі тәртіп пен қызметкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралатыны хабарланды.

Мейрамхана басшылығы мемлекеттік тілде қызмет көрсету - Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген талап екенін атап өтіп, осы қағиданы сақтамаған қызметкермен еңбек шарты тоқтатылғанын мәлімдеді.

Аталған оқиға қоғамда мемлекеттік тілдің қызмет көрсету саласындағы орны мен маңызына тағы да назар аудартты. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай қоғамдық орындарда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қажеттігін көрсетеді.