Спорт әлемі

Қазақстанда "Ұлы дала жорығы" халықаралық марафоны басталады

Қазақстанда "Ұлы дала жорығы" халықаралық марафоны басталады

Қазақстанда 3-7 қыркүйек аралығында "Ұлы дала жорығы" халықаралық марафоны өтеді. Оған шет мемлекеттерден 10-жуық команда қатысады. Отандық командалардың саны 9. Қазіргі уақытта қатысушыларды тіркеу аяқталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басты мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау.

Бұл бастама аясында қазақ жылқыларын шетелдік жылқы тұқымдарымен салыстырып, олардың шыдамдылығын, ұзақ қашықтыққа төзімділігін, жалпы әлеуетін көрсетеміз. Бұл додаға шетелден қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз жылқы тұқымдары қатысады, - дейді «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Тұрлыбеков.

Марафон Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде басталып, Астанада аяқталады. Бұл жер кездейсоқ таңдалмаған: 44 жыл бұрын археологтар бұл жерде жылқының алғаш рет қолға үйретілгенін көрсететін ең көне артефактілерді тапты.

Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші  дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Астанада өтетін көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.