Қоғам

Қазақстанда декларация тапсырмағандардың есепшоттары бұғатталады

Қазақстанда декларация тапсырмағандардың есепшоттары бұғатталады

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті табысы мен мүлік туралы есепті уақытылы тапсыра алмағандарды не күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды KazFace.kz.

16 қыркүйекте Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аясында есеп тапсыру аяқталды. Үшінші кезең аясында жеке кәсіпкерлер, компания басшылары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары және олардың жұбайлары декларация ұсынды.

Азаматтар 250-нысан бойынша активтері мен міндеттемелері туралы кіріс декларациясын, ал өзгелері 270-нысан бойынша кірістері мен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс.

Жалпы мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл 2 млн-нан астам жеке тұлға алғаш декларация ұсынған. Дегенмен, белгілі бір себептермен мұны істемегендер де бар. Олардың барлығына ескертулер жолданған.

«Декларация ұсынбаған салық төлеушілерге салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарлама жіберілді», – деп жазылған комитеттің хабарламасында.

Хабарлама жолданған соң азаматтарға декларация тапсырып, түсініктеме беруге небәрі 30 күн беріледі. Оны тапсырмаған адамның банктік шоттары бұғатталады.