Қазақстанда дәрі-дәрмек сатып алу тәртібі 2026 жылдан өзгереді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
«СК-Фармация» 2026 жылға арналған сатып алу науқанының параметрлерін жариялады. Келесі жылы компания 2 мыңнан астам дәрі мен медициналық бұйым сатып алады бұл 2025 жылмен салыстырғанда 7,2% көп, деп хабарлайды KazFace.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өндірушілерден тікелей сатып алулар еселеп артады: 2026 жылы 400-ден астам позиция тікелей алынады, бұл өткен жылға қарағанда 2,7 есе көп. Мұндай тәсіл бағаны төмендетіп, делдалдарды жояды.
Дәрілер медициналық ұйымдардың өтінімдері бойынша сатып алынады. «СК-Фармация» қоймаларына жеткізілім желтоқсанда, клиникаларға 2026 жылдың қаңтарында басталады.
Бірқатар препараттар бұрынғыдай халықаралық ұйымдар БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және Stop TB арқылы алынады. Олардың саны 23-тен 43-ке дейін артты.
2024 жылы енгізілген жаңа ережелер тікелей сатып алу көлемін 5 еседен астам ұлғайтып, 70 млрд теңгеден аса үнемдеуге мүмкіндік берген. 2027 жылға арналған сатып алу науқаны 2026 жылдың мамырында басталады.